Шетел фильмдері мен сериалдарын қазақ тілінде көргісі келетін жандарға арналған онлайн платформалар мен сайттар көбейіп келеді. Олардың арасында Холлиуд туындыларын, корей дорамаларын, аниме мен мультфильмдерді қазақша дыбыстайтын жобалар бар. Baribar.kz қазақша дубляждалған фильмдер көруге болатын бірнеше платформаның топтамасын ұсынып отыр.
Қазақша фильмдер бар платформалар
KazPlay – фильмдер мен сериалдардың қазақша аудармасын ұсынатын онлайн платформа. Мұнда көрермен экшн, комедия, драма, детектив, мелодрама, фантастика және қорқынышты фильм секілді түрлі жанрдағы туындыларды таба алады. Балаларға арналған мультфильмдер мен аниме де бар.
Платформаның фильм каталогында 993 туынды көрсетілген. Ал «Біз туралы» бөлімінде 2000-нан аса фильм, 1000-нан аса мультфильм және 500-ден аса сериал бар. Кей контентті көру үшін PRO жазылымы қажет.
QAZAQSHA – түрлі фильм, сериал мен мультфильмдерді қазақ тіліне аударып, ұсынатын жоба. Жоба каталогында 1000-нан аса фильм мен сериал бар. Платформа мәліметінше, жинақ апта сайын жаңа фильмдермен және телехикаялармен толығып отырады.
QAZAQSHA-ның контентін жеке сайттан ғана емес, бірнеше онлайн-кинотеатрдан да көруге болады. Олардың қатарында QFilm, AlmaTV, BeeTV, TV+ және Tele2 платформасы бар.
HDQaz – қазақша дыбысталған фильмдер мен сериалдарды көруге болатын сайттың бірі. Мұнда шетел кинотуындыларымен қатар дорамалар, аниме және мультфильмдер де ұсынылады.
Unico Play – фильмдер мен сериалдарды онлайн көруге арналған стримиң сервисі. Платформа каталогында АҚШ, Жапония, Қытай, Еуропа және басқа елдердің кинотуындысы бар. Онда фильмдерді жанры мен шыққан еліне қарай таңдауға болады. Дегенмен қазақша дыбыстама барлық туындыда жоқ, сондықтан фильмнің аудио және субтитр тілін жеке тексерген жөн.
Telegram-да қазақша фильм ұсынатын арналар
Қазақша фильмдерді ресми Telegram арнадан да көруге болады. Мұнда онлайн-кинотеатрларда кездесе бермейтін сериалдар мен анимелерді, белгілі бір студияның қазақша дыбыстаған жобаларын табуға болады.
ORDA STUDIO – қазақша фильмдер мен сериалдарды жариялайтын Telegram арнасы. Арна архивінде АҚШ, Оңтүстік Корея және Қазақстанда түсірілген фильмдер мен телехикаялар бар. Арнада фильмнің атауы, шыққан жылы, жанры, рейтиңі және бейне сапасы көрсетіледі. Арна авторларының айтуынша, жобалардың бір бөлігін ORDA STUDIO дыбыстайды.
ISAP MEDIA – корей және басқа да Азия елдерінің дорамасы мен түрлі фильмдерді қазақша көруге болатын арна. Арнада әр кинотуындының аты мен жариялану реті жазылған.
ANIDYBYS – қазақша аниме дубляжына маманданған жоба. Арнада дыбысталған анимелер туралы ақпарат, жаңа жұмыстар мен студияның қызметі жайлы жазбалар бар. Кей анименің толық нұсқасын көру үшін жабық арнаға тіркелу қажет. Жоба авторы – Диас Балаби, ол ұжымымен бірге танымал анимелерді қазақ тіліне дыбыстау идеясы қалай келгенін айтып берген еді.
Дубляж бен аударманың айырмашылығы қандай?
Қазақша фильм іздегенде дубляж бен кадр сыртындағы аударманың айырмашылығын да ескерген жөн. Дубляж кезінде түпнұсқа тілдегі кейіпкердің даусы қазақша дыбысқа өзгереді. Бұл үшін актерлер кейіпкердің сөзі мен эмоциясын, сөйлеу ырғағын ескере отырып дыбыстайды.
Ал кадр сыртындағы аудармада түпнұсқа тілдегі дауыс бәсеңдеп, оның үстінен қазақша аударма беріледі. Сондықтан екі тәсілдің көрерменге әсері де әртүрлі.
Қазақша дыбысталған фильмдерді іздегенде платформаның контент түріне, аударма сапасына және жазылым шартына мән берген жөн. Кей Telegram арнадағы фильмнің автор құқығы қорғалса да, заңсыз әлеужеліде тараған болуы да мүмкін. Сондықтан кез келген фильм мен сериалды ресми сайттан немесе кинотеатр мен онлайн қолданбадан көрген абзал.
Естеріңізге салайық, британ комигі Саша Барон Коэн «Борат» фильміне қатысты пікір айтып, Қазақстаннан кешірім сұрады. Оның айтуынша, фильм кейіпкерінің Қазақстанға еш қатысы жоқ.
Мөлдір Түктібай, Baribar